Қазақстан тарихының жаңа академиялық жеті томдығы баспаға ұсынылды

Қазақстан тарихының жаңа академиялық жеті томдығы баспаға ұсынылды
Gov.kz

Астанада ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Кариннің төрағалығымен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа академиялық жеті томдықтың Жалпы редакциялық алқасының қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында көптомдықтың соңғы – «Тәуелсіз Қазақстан» атты жетінші томы мақұлданып, баспаға ұсыну туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ult.kz.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жүктелген міндеттер аясында әзірленген. Басылым Ұлы даланың мыңжылдық тарихын кешенді зерделеуге, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму сабақтастығын ғылыми тұрғыдан негіздеуге және ұлттық тарихты жаңа зерттеу әдістері мен тың дереккөздер негізінде қайта пайымдауға бағытталған.

Ерлан Карин бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі ғылыми жобалардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жеті томдық бір жылдың ішінде дайындалған. Жобаға 350-ден астам қазақстандық және 12 елден келген 56 шетелдік ғалым қатысқан.

Сондай-ақ ол соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Алтын Орда тарихын зерттеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Атап айтқанда, Жошы хан кесенесі маңындағы ғылыми орталықтың құрылысы басталып, Жошы ұлысын зерттеу институты құрылған, ал жеті томдықтың жеке бір томы Алтын Орда тарихына арналған.

Ерлан Кариннің айтуынша, көптомдықты әзірлеу барысында қалыптасқан ғылыми тұжырымдар мемлекеттік деңгейдегі шешімдерге де негіз болған. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласына «Ұлы даланың мыңдаған жылдық мұрасын сақтай отырып» деген қағиданың енгізілуі.

Қорытынды отырыста Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен редакциялық алқа мүшелері жетінші томға енгізілген толықтырулар мен түзетулерді талқылады. Бұған дейін айтылған барлық ғылыми ескертулер ескеріліп, қолжазба толық пысықталғаны атап өтілді.

Жиын қорытындысында редакциялық алқа академиялық жеті томдықтың соңғы томын баспаға ұсыну туралы шешім қабылдап, жобаға қатысқан ғалымдар мен авторлар ұжымына алғыс білдірілді.