Freedom Inside '26

Қазақстан шетелдік психологтардың онлайн қызметін қалай реттемек?

Қазақстан шетелдік психологтардың онлайн қызметін қалай реттемек?
ашық дереккөз

Қазақстанда шетелдік психологтардың онлайн-консультация беру қызметін реттеу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Сенатта «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Бибігүл Жексенбай қазақстандықтарға онлайн кеңес беретін шетелдік психологтардың қызметіне қатысты сұрақ қойды.

Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, әлемнің кез келген еліндегі маманнан онлайн кеңес алу мүмкіндігі бүгінгі цифрлық дәуірдің ерекшелігіне айналған. Мұндай мәселемен қазір көптеген мемлекеттер бетпе-бет келіп отыр.

Осыған байланысты министрлік ел ішінде психологиялық қызмет көрсету саласын жүйелі реттеуге басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, психологтардың мемлекеттік тізілімін енгізу, бірыңғай біліктілік талаптарын бекіту және мамандардың кәсіби құзыреттерін растау тетіктерін қалыптастыру жоспарланған.

Бірінші вице-министрдің сөзінше, Қазақстан аумағында тікелей қызмет көрсететін шетелдік психологтар, яғни жеке қабылдау жүргізетін немесе түрлі іс-шара ұйымдастыратын мамандар ұлттық заңнама талаптарын сақтауға міндетті.

Ал шетелден онлайн форматта қызмет көрсететін мамандарға қатысты мәселе трансшекаралық цифрлық қызметтерді реттеу санатына жатады.

«Бұл тек психология саласына ғана емес, медицина, білім беру және консалтинг қызметтеріне де қатысты. Біздің басты міндетіміз – ең алдымен ел ішінде азаматтардың құқықтарын қорғауға және психологиялық қызметті тиімді реттеуге бағытталған жүйе құру. Ал трансшекаралық реттеу мәселелері халықаралық деңгейде жан-жақты пысықтауды қажет етеді», – деді Ербол Тұяқбаев.

Оның айтуынша, жаңа заң аясында психологиялық қызмет көрсету сапасын арттыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тетіктер қарастырылып жатыр.