Freedom Inside '26

Қазақстан Өзбекстандағы Мақом өнерінің халықаралық форумына қатысты

Қазақстан Өзбекстандағы Мақом өнерінің халықаралық форумына қатысты
Gov.kz

Наманган қаласында өткен Мақом өнерінің III халықаралық форумы аясында «Шығыс мақомының жаңа бағыттары: дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Форумның салтанатты ашылу рәсіміне Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып, жиын қонақтарына арнап сөз сөйледі.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениетті дамытуға, тарихи мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, мақом өнері Қазақстанның дәстүрлі музыка мәдениетімен үндеседі. Ол күй, жыр, терме, айтыс және дәстүрлі ән өнері ұлттық рухани мұраның ажырамас бөлігі екенін жеткізді.

Конференция барысында дәстүрлі өнерді цифрлық дәуірде сақтау мәселелері талқыланды. Қатысушылар мәдени мұраны цифрландыру, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану және жастардың классикалық музыкаға қызығушылығын арттыру жолдары жөнінде пікір алмасты.

Жиында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің Хиуа қаласында өткен III халықаралық «Лазги» би фестивалінде «Ең үздік сахналанған би» аталымын жеңіп алғаны айтылды. Сонымен қатар өзбекстандық өнерпаздардың Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокал байқауына қатысып, байқау қорытындысы бойынша Мухаддас Алиеваның арнайы жүлдеге ие болғаны атап өтілді.

Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Әндіжан қаласына Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесінің берілуі болды. Айта кетейік, бұл атақ өткен жылы Ақтау қаласына берілген еді.

Іс-шараға ЮНЕСКО, ИСЕСКО, ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ және өзге де халықаралық құрылымдардың өкілдері қатысты. Форумға әлемнің 80-нен астам елінен 250-ге жуық мәдениет және өнер қайраткері жиналса, конференция алаңында 60-қа жуық елден келген 100-ден астам ғалым мен маман бас қосты. Бағдарламаға барлығы 121 ғылыми еңбек енгізілді.