Қазақстанға келген OpenAI делегациясы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевмен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.
Тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру және ChatGPT Edu платформасын енгізу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында OpenAI өкілдері Қазақстандағы жасанды интеллектті пайдалану деңгейіне қатысты зерттеу нәтижелерін таныстырды. Оған сәйкес, Қазақстан Орталық Азиядағы жасанды интеллект құралдарын пайдалануда көшбасшы елдердің бірі саналады.
Зерттеу мәліметінше, қазақстандықтар ChatGPT-ді көбіне практикалық нұсқаулықтар алу (32,8%), мәтін жазу және өңдеу (25%), сондай-ақ ақпарат іздеу (18%) үшін қолданады. Пайдаланушылардың негізгі бөлігін 18-34 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл жас санаты барлық сұраныстардың 72 пайызын қамтиды.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың жаңа технологияларды күнделікті өмірде белсенді пайдаланып отырғанын көрсетеді.
«Азаматтар жасанды интеллектті білім алу, жұмыс міндеттерін орындау, ақпарат іздеу және контент жасау үшін кеңінен қолданып жүр. Бұл Қазақстанның өңірдегі технологиялық көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді министр.
OpenAI-дің білім беру саласындағы халықаралық бағытының жетекшісі Валери Фокке Қазақстанда ChatGPT пайдалану деңгейі халықаралық көрсеткіштер бойынша жоғары екенін атап өтті.
Оның сөзінше, келесі кезеңде жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі жауапты қолдану дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
Айта кетейік, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба аясында еліміздегі 165 мың педагог арнайы білім беру ұйымдарына арналған ChatGPT Edu нұсқасына қол жеткізеді. Жобаның технологиялық серіктесі – Bilim Group. Компания OpenAI шешімдерін мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының білім беру процесіне енгізумен айналысады.
OpenAI делегациясының сапары Қазақстанда жасанды интеллектті білім беру жүйесіне кеңінен енгізуге бағытталған ұлттық бастама аясында ұйымдастырылды.