Қазақстан мен Ресей қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.
Құжат Ресей Федерациясы президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ресейдің Федералдық қаржылық мониторинг қызметі арасында рәсімделді.
Келісім екі елдің қаржылық барлау органдары арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін дамытуға бағытталған. Тараптар ақпарат алмасу тиімділігін арттырып, қаржылық қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша бірлескен жұмысты күшейтуді көздеп отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл уағдаластық заңсыз кірістерді жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.