2025–2029 жылдары Қазақстанда коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, қаржының 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторды, ал 6,2 трлн теңгесі энергетика саласын жаңғыртуға бағытталады.
Жоба аясында:
- 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады;
- 7 309 мегаватт жаңа қуат іске қосылады;
- 27 энергия өндіру нысаны салынып немесе реконструкциядан өтеді.
Нәтижесінде 2029 жылға қарай елдегі коммуналдық және энергетикалық желілердің тозу деңгейі орта есеппен 40%-ға дейін төмендейді, ал нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға қысқарады.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы 247 табиғи монополия субъектісін қамтиды. Сонымен қатар, 2029 жылға дейін тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтағы 70 коммуналдық кәсіпорынды осы санаттан шығару жоспарланған.