Қазақстан колледждеріне спорт нысандарын жалға беруге рұқсат етілді

Қазақстан колледждеріне спорт нысандарын жалға беруге рұқсат етілді
ашық дереккөз

Қазақстанда мемлекеттік колледждер енді оқу процесінен тыс уақытта өздерінің спорт нысандарын тұрғындарға жалға бере алады. Тиісті норма «Білім туралы» заңға әлеуметтік заңнаманы жетілдіру аясында енгізілген өзгерістермен бекітілді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек жалпы орта білім беру ұйымдарына ғана берілген болатын. Енді колледждердің спорт залдары, бассейндері, стадиондары және басқа да дене шынықтыру-сауықтыру нысандары сабақ аяқталғаннан кейін елді мекен тұрғындарының пайдалануына ұсынылады.

Заңға сәйкес, жалға беруден түскен қаражат спорт инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Атап айтқанда, колледждер бұл қаржыны спорт нысандарын күтіп-ұстауға және жөндеуге, заманауи спорттық жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңартуға бағыттай алады.

Білім саласы мамандарының айтуынша, бұл өзгеріс мемлекеттік колледждердің спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолжетімділікті арттыруға ықпал етеді.