Қазақстан Euronews-тің тілдік желісіне енген Орталық Азиядағы алғашқы ел болды

Қазақстан Euronews-тің тілдік желісіне енген Орталық Азиядағы алғашқы ел болды
Ортком

Euronews халықаралық медиажелісі қазақ тіліндегі халықаралық жаңалықтардың іске қосылғанын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақ тілі Euronews-тің 14-ші негізгі хабар тарату тілі болды.

Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид Қазақстан компанияның өңірдегі стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, қазақ тіліндегі нұсқаның іске қосылуы медиажелінің тілдік әртүрлілікті кеңейту және халықаралық журналистиканы қолжетімді ету жөніндегі стратегиясын көрсететінін айтты.

Педро Варгас Давид мырза мен Euronews ұжымына алғыс білдірген ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов бұл шынайы стратегиялық әріптестіктің көрсеткіші деп бағалады.

Фото: Ортком

"Бұл біздің мемлекетіміздің халықаралық аренаға шығуының бірден бір көзі. Біз осы мақсатта өз жұмысымызды бұдан әрі жалғастырамыз. Бізге шетелдік арналар мен әріптестеріміз келген кезде мемлекеттік тілді басты міндет ретінде қоямыз. Қазақ тілінің қолданыс аясы мен дәрежесі жылдан жылға өсіп бара жатыр. Сондықтан бәсекеге қабілетті ел болу үшін мемлекеттік тіліміз әлемдік медиа кеңістікте болуы тиіс", - деді бірінші вице-министр.

Фото: Ортком

Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид өз сөзінде Euronews Францияның лицензиясын алып отырған шетелдік арна ретінде Қазақстанда жұмыс істейтінін, біздің елдің уәкілетті органдары серіктес екенін  айтты.

"Бұл тек келісімшарттарға негізделген қарым қатынас емес, бұл біздің өз бастамамыз арқылы жүзеге асып отырған іс", - деді  Euronews Директорлар кеңесінің төрағасы.

Редакциялық саясат тұрғысынан қазақ редакциясының тәуелсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Контентті кім бекітеді? Бұл сұраққа жауап берген Қанат Ысқақов құзырлы мекеме тарапынан тек арнаның заң аясында жұмыс істеуі ғана қадағаланатынын, ешқандай шектеу болмайтынын, шығармашылық жұмысқа араласпайтынын жеткізе келе:

"Медиа саласының ең жоғарғы стандарттары болатыны сөзсіз", - деді Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі. 

Фото: Ортком

Euronews Astana бюросының жетекшісі Боян Бркич өз тәжірибесімен бөлісіп былай деді:

"Мен Қазақстанда жұмыс істеген үш жылдан астам уақыт ішінде ешкім менен бір рет те жазған мәтінімді көрсетуді талап кеткен жоқ. Билік өкілінен де ешкім ешқандай қысым көрсеткен емес. Біз кейде "ақпаратты қалай берсек қызықты болады?" деген сұрақ төңірегінде келісеміз. Бірақ қалай жазу керектігін ешкім ешқашан айтқан емес. Ондай жағдайға біз де келіспес едік", - деді Боян Бркич. 

Бүгінде Euronews өз контентін әлемнің 160-тан астам елінде таратып, шамамен 430 миллион үй шаруашылығын қамтиды. Қазақ тіліндегі хабар таратудың іске қосылуы мемлекеттік тілді халықаралық ақпараттық кеңістікте ілгерілетуге және қазақ тілді аудиторияның әлемдік жаңалықтарға қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.