Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда қалай жұмысқа орналаса алады?

Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда қалай жұмысқа орналаса алады?
ЖИ

Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Корея Республикасына жұмысқа орналастыру Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Іріктеудің практикалық кезеңі Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлағандай Кандидаттар корей тілін EPS-TOPIK тесті арқылы тапсырып, кәсіби білімі мен дағдыларын көрсетеді. Іріктеу кезінде білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары да ескеріледі.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге 18-39 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Үміткердің сотталмаған болуы, Кореядан бұрын күштеп шығарылмағаны, елге кіруге тыйым салынбағаны және Қазақстаннан шығуына шектеу болмауы қажет. Сонымен қатар жарамды төлқұжат пен медициналық тексеруден өту міндетті.

Барлық талапқа сай келіп, іріктеуден өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Олардың білімі, тәжірибесі, сертификаттары мен тест нәтижелері көрсетілген мәліметтер корейлік жұмыс берушілерге ұсынылады.

Алайда EPS-TOPIK емтиханынан өту және кандидаттар тізіміне ену Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Соңғы шешімді корейлік жұмыс беруші қабылдайды. Жұмысқа қабылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын Корея тарапы белгілейтін квотаға байланысты болады.

Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін еңбек шарты жасалады. Одан соң Алматыдағы EPS орталығында алдын ала дайындықтан өтіп, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін азамат Кореяға аттанады.

EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін. Заңда көзделген жағдайларда оны тағы 1 жыл 10 айға ұзартуға болады.

Еңбек министрлігі азаматтарды жеке делдалдарға ақша немесе құжат бермеуге шақырады. «Кореяға жұмысқа міндетті түрде орналастырамыз» немесе «іріктеуден жедел өткіземіз» деген уәделерге сенуге болмайды. Себебі жұмысқа қабылдау туралы түпкілікті шешімді тек корейлік жұмыс беруші қабылдайды.

Тіркеудің нақты мерзімі, құжат тапсыру тәртібі және EPS-TOPIK тестінің өткізілу уақыты туралы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.