Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 2025 жылғы Адам дамуы туралы баяндамасында ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шықты. Ел 193 мемлекет пен аумақтың ішінде 60-орынға тұрақтап, адамның даму деңгейі «өте жоғары» елдер санатына енді, деп хабарлайды ult.kz.
Баяндама 2023 жылғы деректер негізінде әзірленген. Онда елдердің дамуы үш негізгі көрсеткіш арқылы бағаланады: халықтың өмір сүру ұзақтығы, білімге қолжетімділігі және өмір сүру деңгейі.
Қазақстанның Адам дамуы индексі (HDI) 0,837-ні құрады. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз ТМД және Орталық Азиядағы барлық мемлекеттерді басып озды. Келесі орындарда Ресей (0,832), Беларусь (0,824) және Армения (0,811) тұр.
Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жеткен. Ал білім алу ұзақтығы 14 жылды, орташа білім алу мерзімі 12,5 жылды құрады. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 30,9 мың АҚШ долларына бағаланған.

БҰҰДБ мәліметінше, Қазақстанның көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден (0,756) де, Еуропа мен Орталық Азия өңірінің орташа деңгейінен (0,818) де жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның нәтижесіне білім беру жүйесінің дамуы, денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер және халықтың әл-ауқатының артуы ықпал еткен. Бұған қоса, жақында жарияланған QS Best Student Cities 2027 рейтингінде Алматы мен Астананың позициясын жақсартуы еліміздің жоғары білім саласының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті.
БҰҰДБ-ның биылғы баяндамасы «Таңдау мәселесі: жасанды интеллект дәуіріндегі адамдар мен мүмкіндіктер» тақырыбына арналған. Құжатта жасанды интеллектінің қоғам дамуына ықпалы мен оны тиімді пайдалану мемлекеттердің қабылдайтын шешімдеріне байланысты екені айтылған.
Қазақстанда да цифрлық трансформация мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Елде жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, салық әкімшілендіру, көлік және құрылыс салаларына енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, цифрландыруды дамыту Қазақстанның адам дамуы көрсеткішін одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.