Жезқазғанда Металлург күнін мерекелеудің басты оқиғасы — «Казахмыс» Тобының мұрындық болуымен өткен ауқымды Metallurg Fest фестивалі болды. Бір кешке қаланың орталық алаңы ашық аспан астындағы алып думан аймағына айналып, Ұлытау облысының мыңдаған тұрғыны мен қонағының басын қосты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл фестивальді өткізу компанияның игі дәстүріне айналған. «Казахмыс» осылайша жыл сайын аймақтың және отандық өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген металлургтер мен олардың отбасыларына шынайы алғысын білдіреді. Биылғы мереке отбасылық бағдарламамен басталды: балалар үшін аниматорлар, химиялық шоу, алып пиньята және арт-кеңістіктері бар ойын аймақтары ұйымдастырылды.

Кешкі концерттік бағдарламаны танымал тележүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек ашса, музыкалық сәлемді Timur Teams би ұжымы мен орындаушы IL'HAN жолдады. Ал Қазақстанның халық әртісі Болат Құсайынов пен әнші BAYANSULU-дың жанды дауыстағы әндері жиналған қауымға ерекше жылулық сыйлады.

Сахнаға аңызға айналған «Ялла» тобы шыққанда, алаңда нағыз ностальгия орнап, ересек буын хит әндерді жаппай бірге шырқады. Ізінше жастардың сүйіктісі Sadraddin шығып, көпмыңдық көрерменді бір сәтте үлкен би алаңына айналдырды. Фестивальдің ең салтанатты әрі қуатты нүктесін Мадияр Тойболдының жетекшілігімен Алматыдан келген Ne Prosto Orchestra тәуелсіз симфониялық оркестрі қойды. Олар әлемдік және отандық хиттер мен танымал кинотуындылардың саундтректерін симфониялық нақышта орындап шықты.
Грандиозды Metallurg Fest кеші Жезқазған аспанын нұрға бөлеген ғажайып мерекелік отшашумен аяқталды.