9 қыркүйекте Геологиялық кластер аумағында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен оның еншілес компанияларының 2026 жылы «Ұлытау университеті» КЕАҚ-ға оқуға түскен қызметкерлеріне арналған оқу жылының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға қатысушылар университеттің білім беру моделімен, оқу процесінің ұйымдастырылуымен және оқу инфрақұрылымымен танысты, деп хабарлайды ult.kz.
Университеттің алғашқы қабылдауына 163 студент кірді. Оның ішінде 103-і – Корпорация кәсіпорындарында қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген қызметкерлер. 52 қызметкер екінші жоғары білім алу үшін бакалавриат бағдарламаларына қабылданса, тағы 51 студент – «Қазақмыс» корпорациясының Технологиялық колледжінің түлектері. Олар үшін бұрын алған білімі мен практикалық тәжірибесі ескеріліп, қысқартылған оқу бағдарламалары қарастырылған.
Оқу процесінің негізгі бағыттарының бірі – дуальды оқыту элементтері бар практикалық тәсіл. Теориялық білім өндірістік нысандардағы тәжірибемен ұштасады. Бұл студенттерге нақты өндірістік міндеттермен жұмыс істеп, алған білімін кәсіпорындарда тікелей қолдануға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін мұндай модель кәсіби қызметін жоғары білім алумен қатар алып жүруге мүмкіндік береді. Оқу траекториясын қалыптастыру кезінде қызметкерлердің өндірістік тәжірибесі мен бұрын меңгерген пәндері ескеріледі.
«Ұлытау университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Айдос Сәкенов «Қазақмыспен» ынтымақтастық тау-кен металлургия саласының қажеттіліктерін ескере отырып, инженерлік-техникалық мамандар даярлауға негіз қалыптастыратынын атап өтті.
— Біздің міндетіміз – жай ғана диплом беріп шығару емес, тау-кен өндірісін жақсы білетін, өндірістік міндеттерді шеше алатын, заманауи технологияларды меңгерген және болашақта корпорацияның инженерлік әрі басқарушылық әлеуетін нығайта алатын мамандар даярлау. Сіздер – осы модельдің алғашқы қатысушыларының бірісіздер, – деді Айдос Сәкенов.
«Қазақмыс» үшін университетпен әріптестік – кадрлық әлеуетті дамыту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және кәсіби кадр резервін қалыптастырудың маңызды құралдарының бірі. Алдағы уақытта практикалық даярлықты кеңейту, кәсіпорын мамандарын білім беру процесіне тарту және нақты өндірістік кейстерді оқу бағдарламаларында пайдалану жоспарланып отыр.