«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өзіне қарасты кәсіпорындардың әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны жалғастыруда. Жоба аясында әкімшілік-тұрмыстық кешендер, жатақханалар, асханалар, медициналық пункттер мен жуынатын бөлмелер жөндеуден өтуде. Биыл компания бойынша 80-нен астам нысан жаңартылады, олардың көпшілігі ондаған жылдар бойы пайдаланылғаннан кейін алғаш рет күрделі жөндеуге алынып отыр. Бағдарламаның жалпы бюджеті 2,4 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жаңа кезеңнің негізгі нысандарының бірі — инвестиция көлемі 113,4 млн теңгеден асатын «Нұрқазған» кеніші. Мұнда бір мезгілде бірнеше ғимаратта күрделі жөндеу жүріп жатыр: әкімшілік ғимараттардың қасбеттері жаңартылып, жылыту жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ қызметтік үй-жайлар мен жуынатын бөлмелер қайта жаңғыртылуда.
Сондай-ақ Нұрқазған, Қарағайлы және Балқаш байыту фабрикалары мен Balqash Tau-Ken Öndirisi филиалының бөлімшелерінде де ауқымды жұмыстар басталды. Бұл өндіріс орындарында инженерлік желілер, шатырлар, жуынатын бөлмелер мен әкімшілік бөлмелер күрделі жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа 367 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Саяқ» кенішінде әкімшілік кешендерді, ғимарат қасбеттерін жөндеу және іргелес аумақты абаттандырумен қатар, №17 «Тастау» асханасын күрделі жөндеуге 187,2 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ал «Шатыркөл» кенішінде 31 млн теңгеден астам сомаға инженерлік-техникалық қызметкерлер жатақханасы, қонақүй, медпункт, кір жуу кешені және демалыс бөлмелері ретке келтірілуде.
Инфрақұрылымды кезең-кезеңімен модернизациялау өндірістік алаңдарды қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына сәйкестендіруге, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек етуі мен демалысы үшін сапалы жағдай жасауға бағытталған.