Freedom Inside '26

Қазақ қуыршақ театры Еуропаны таңғалдырды

Қазақ қуыршақ театры Еуропаны таңғалдырды
Театрдың баспасөз қызметі

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Румынияның Крайова қаласында өткен әлемдік деңгейдегі «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалінде ересектерге арналған «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынып, еуропалық көрерменнің жоғары бағасына ие болды, деп хабарлайды ult.kz.

1994 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан беделді фестиваль биыл әлемнің 28 елінен келген 90-нан астам театр ұжымын біріктірді. Он күнге созылған мәдени шара аясында 300-ге жуық іс-шара өтті.

Қазақстандық театр фестивальге арнайы шақыртумен қатысып, әлемге әйгілі махаббат хикаясын камералық форматта жаңаша ұсынды. Көрсетілімнен кейін көрермендер ұзақ уақыт қол соғып, қойылымның жоғары деңгейін атап өтті.

Театр мамандары актерлердің шеберлігіне, қуыршақ жүргізу мәдениетіне және спектакльдің көркемдік шешіміне жоғары баға берді. Нәтижесінде шығармашылық ұжым 2027 жылы Румынияда өтетін халықаралық театр фестиваліне арнайы шақырту алды.

Сонымен қатар Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Талдықорғанда өткен IV Халықаралық «BIKEN FEST» театр фестивалінде де табысты өнер көрсетті. Театр ұжымы көрермендерге «Мен кіммін...» психологиялық драмасын ұсынып, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.

Фестиваль қорытындысында театрға TÜRKSOY халықаралық ұйымының қолдауымен өтетін халықаралық фестивальге қатысуға жолдама берілді.