Threads әлеуметтік желісінде қазақ эстрадасындағы әйелдің еркіндігі мен отбасындағы рөліне қатысты ән мәтіндері талқыланды. Қолданушылар кейбір танымал композицияларды «red flag» деп атап, олардың жекелеген жолдарына назар аударды, деп хабарлайды ult.kz.
Мәселен, тойларда жиі орындалатын Гаухар Әлімбекованың «Ақ келін» әніндегі кейбір жолдар сынға алынды. Атап айтқанда:
«Алдыменен өзіңді енең сынар,
Енеңдей бол бұл сынға емен шыдар.
Жас келінге қаттырақ қарағаны,
Ширатып бір алайын деген шығар».
Пікір білдірушілер бұл жолдарда жас келінге қойылатын талап пен ене тарапынан болатын қысым қалыпты құбылыс ретінде көрсетілгенін алға тартты.
Сондай-ақ той мен құдалықта домбыра, баянмен жиі орындалатын, халық әніне айналған «Қыз дегенің қонақ қой ол қашанда» композициясы да талқыланды.
«Қыз дегенің қонақ қой ол қашанда,
Төбесіне-ай алтын қойып бақсаң да.
Шаңыраққа ие болып қалатын
Ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда».
Қыз-келіншектердің пікірінше, Ерке Есмаханның «Әйел бақыты» әнінің қайырмасында да әйелдің өмірін отбасы аясымен шектейтін түсінік бар.
«Сіңілім, тоқта, тоқташы,
Шекараң – үйдің қақпасы.
Әйелдің бақыты, әйелдің бақыты –
Әйелдің бақыты – отбасы».
Шімән апаның «Келін болсаң инабатты» әніндегі:
«Сен, келін болсаң инабатты,
Үлкендерді сыйла қатты.
«Әулет» деген ғимаратты
Көркейтесің, сенеміз!»
деген жолдары да осы тұрғыда сынға алынды.
Ал коуч Роза Әшірбаева әнші Қанайдың «Мама» әніндегі кейбір сөздерді оғаш деп бағалаған. Оның назар аударған жолдары:
«Сөздерің, көздерің кетер емес ойымнан,
Бұйырса сәл шыда,
Жатып алам қойныңа».
Сонымен қатар Еркеш Хасеннің «Көзің әдемі, сөзің әдемі, анамнан кейін өзің әдемі» деген жолдары да ана мен әйелдің конфликтісін тудыратын ән деп есептейді.
Ернар Айдардың «Ұнап қалдың анама» әніндегі:
«Қандай бақыт анам сені ұнатса,
Ең алдымен анам разы болса екен»,
сондай-ақ:
«Келін керек анама,
Адал, дана»
деген жолдар да назардан тыс қалмады.
«Red flag» деп аталған әндердің қатарында «МузАрт» тобының «Фарида» композициясы да бар. Қолданушылар әндегі:
«Келін болсаң ауылға, жаным Фа-фа Фарида,
Сиыр сауып, жүн түту – сенің мойныңда»
деген жолдар қыздарды тегін қызметші көретін «red flag» ән деп есептейді.
Ал Еркін Нұржановтың:
«Жүр дегенде жүр, қал дегенде қал,
Басың ауырса, балмен емдеп ал»
деген жолдарында әйелден ер адамның көңілін табу талап етілетіні, ал әйелдің қалауы мен саулығы өзіне ғана керек екенін меңзейді.
«Red flag» әндер қатарына сондай-ақ мына орындаушылардың әндері кірді:
Иса АлиМуса & Еламан Батыр - Болашақ келіншегім
Нұрлан Өнербаев - Ай мен күн
Koba, Mans - Жарық
Дана Кентай - Қыз бақыты
Заттыбек Көпбосынов - Бүлдірген
Асан Пердешов - Апа
The kitchen songs - Келін
Қанай - Үндеме
Алишер Қонысбаев - Ол ару