Атырауда әл-Фараби атындағы BINOM мектебі маңында жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан баланы тағы да көлік қағып кетті, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, 28 қыркүйек күні сағат 13:30 шамасында Нұрсая шағынауданындағы мектеп маңында Kia Rio автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 2013 жылы туған баланы қағып кеткен.
Зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта полиция жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Оқиғаның алаңдатарлық тұсы - көктемде дәл осы аумақта көлік апатының салдары адам өлімімен аяқталған еді.
6 сәуірде осы мектептің маңында Toyota Hiace шағын автобусы жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан жеті жастағы бірінші сынып оқушысын қағып, бала оқиға орнында қаза тапқан еді.
Кейін сот жүргізушіні кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы көлік құралдарын басқаруға тыйым салынды.
Осы қайғылы оқиғадан кейін BINOM мектебі маңындағы жол қауіпсіздігі мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын.
Алайда бүгінгі оқиғаға қарағанда, аталған жаяу жүргіншілер өткелі әлі де балалар үшін қауіпті жолға айналып отыр.