Ұлытау облысында алаяқтар зейнеткерді жинаған 7 млн теңгесін «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болған. Банк қызметкерлері күдікті әрекетті дер кезінде байқап, полицияға хабарлаған, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, әйел барлығы домофонды ауыстыру туралы қоңыраудан басталғанын айтқан. Кейін алаяқтар өздерін түрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, оны арнайы схемаға тартқан. Олар зейнеткерді алаяқтарды әшкерелеуге көмектесіп жатқанына сендіріп, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуды талап еткен.
Алаяқтардың сөзіне сенген әйел банкке барған. Алайда қызметкерлер жағдайды бірден байқап, полиция шақырған. Нәтижесінде 7 млн теңге сақталып қалды.
Полиция бейтаныс адамдардың ақша аудару туралы нұсқауларын орындамауға және күмәнді жағдайларда бірден 102 нөміріне хабарласуға шақырды.