Қатерлі ісікке қарсы жаңа препарат кей науқастардағы ісікті толық жойды

Қатерлі ісікке қарсы жаңа препарат кей науқастардағы ісікті толық жойды
ашық дереккөз

The Guardian басылымының хабарлауынша, 11 елде сыналған жаңа қатерлі ісікке қарсы препарат бірқатар науқастағы ісіктерді толық жойған, деп хабарлайды ult.kz.

Зерттеу барысында "амивантамаб" препараты бас және мойын қатерлі ісігіне шалдыққан 102 науқасқа қолданылған. Бұл науқастардың ауруы бұған дейінгі емдеу әдістеріне жауап бермеген. 

Нәтижесінде: 

  • 15 науқастың ісігі толық жойылған;
  • 28 науқастың ісігі айтарлықтай кішірейген.

Ұқсас нәтижелер өкпе қатерлі ісігімен ауыратын пациенттер арасында да байқалған.

Лондондағы Онкологиялық зерттеулер институтының профессоры Кевин Харрингтонның айтуынша, бұл – химиотерапия мен иммунотерапияға төзімді болып кеткен науқастар үшін бұрын-соңды болмаған нәтиже.

"Емдеу мүмкіндігі өте шектеулі пациенттер тобында мұндай күшті әсердің байқалуы ерекше жетістік", – дейді ғалым.

"Амивантамаб" АҚШ пен Еуропалық одақта 2021 жылдан бері қолдануға мақұлданған. Мамандардың айтуынша, препарат әсіресе адам папиллома вирусымен (HPV) байланысты емес ісіктерге қарсы тиімді болуы мүмкін. Мұндай қатерлі ісік түрлері әдетте емге қиынырақ көнеді.