Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қазақстанның ғарыш саласының қазіргі жағдайы, жүзеге асырылып жатқан жобалары және даму перспективалары қаралды, деп хабарлайды ult.kz.
Жиында Үкімет мүшелері спутниктік байланыс жүйелері, ғарыш инфрақұрылымы және саланы одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасады. Президент ғарыш саласының стратегиялық маңызын атап өтіп, спутниктік байланыс пен ғарыш инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев спутниктік жүйелерді дамыту, ғарыш инфрақұрылымын жаңғырту және ғарыштық деректер негізінде қолданбалы шешімдерді енгізу бойынша іске асырылып жатқан жобалар туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда жаһандық ғарыш секторы түбегейлі өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын тек ірі мемлекеттердің еншісінде болған бұл салаға бүгінде жеке компаниялар да белсенді араласып, байланыс, навигация, интернет, мониторинг және ғылыми зерттеулер бағыттарын дамытып жатыр.
Отырыста сондай-ақ ғылымды, оның ішінде астрофизиканы дамыту мәселелері талқыланды. Президент ұлттық технологиялық және инженерлік әлеуетті күшейтуге бағытталған «Бәйтерек» жобасының жүзеге асырылу барысын оң бағалады.
Бұдан бөлек, халықаралық ынтымақтастық мәселесіне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен және басқа да шетелдік серіктестермен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың маңызын айтты. Сонымен қатар Байқоңыр қаласы мен оған іргелес аумақтардағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту қажеттігіне назар аударды.
Жиын қорытындысында Президент Үкіметке ғарыш саласын жаңғырту және оның әлеуетін мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.