Қарағандыда 94 жастағы кейуананың үйіне әлеуметтік қызметкер ретінде кіріп, 1 миллион теңгесін жымқырды деген күдікпен екі әйел ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға маусым айының соңында болған. Полицияға жүгінген қарт әйелдің айтуынша, пәтеріне өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі бейтаныс әйел келген. Олар ескі үлгідегі ақшаларды жаңасына ауыстыру қажет екенін айтып, үйде сақталған қаражаттың қайда тұрғанын сұраған.
Еш күмәнданбаған кейуана ақшасының сақталған орнын көрсеткен. Көп ұзамай бейтаныс әйелдер үйден шығып кеткеннен кейін зейнеткер өзіне тиесілі 1 миллион теңгенің жоғалғанын байқап, бірден полицияға хабар берген.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, күдіктілердің жүрген бағытын анықтады. Нәтижесінде олардың жеке басы белгілі болып, екі әйел қолға түсті. Белгілі болғандай, күдіктілер Алматы қаласының тұрғындары.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар полицейлер олардың Қарағанды облысында және еліміздің басқа өңірлерінде жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Осыған байланысты полиция азаматтарды, әсіресе егде жастағы туыстарын алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері туралы алдын ала ескертуге шақырды. Тәртіп сақшылары өзін әлеуметтік қызметкер, коммуналдық мекеме немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеуге, ақша мен бағалы заттардың сақталған орнын көрсетпеуге және күмәнді жағдай туындаса, бірден 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді.