Qarmet шахталарды ауқымды жаңғыртуды жалғастыруда

Qarmet шахталарды ауқымды жаңғыртуды жалғастыруда
Qarmet

Qarmet компаниясының көмір департаментіне қарасты кәсіпорындарда жерасты өндірісінің барлық негізгі бағыттарын қамтитын ауқымды жаңғырту бағдарламасы жалғасып жатыр. Оның ішінде тау-кен техникасын жаңарту, желдету, дегазация, байланыс, цифрлық бақылау жүйелері және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыттары бар, деп хабарлайды ult.kz.

Шахталарға қашықтан басқарылатын заманауи тазалау және қазу кешендері жеткізілуде. Бұл өндірістік операциялардың бір бөлігін автоматтандыруға және жұмысшылардың ең күрделі әрі ықтимал қауіпті аймақтарда болуын азайтуға мүмкіндік береді.

Көмір қабаттарын алдын ала дегазациялауға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар учаскелерді өндірістік игеру басталғанға дейін жүргізіледі. Нәтижесінде көмір массивіндегі метан мөлшері алдын ала төмендетіліп, кейінгі өндіріс жұмыстары үшін қауіпсіз жағдай жасалады.

«Біздің көмір компаниямыздың барлық шахтасында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жақын арада бағытталған бұрғылау технологиясы енгізіледі. Біріншіден, бұл – қауіпсіздік мәселесі. Екіншіден, ол қазба жұмыстарын жүргізетін жұмысшылар үшін тәуекелдерді азайтады. Компаниямыз әлі жас болғанымен, осындай қысқа уақыт ішінде көп жұмыс атқарылды», – деді Qarmet көмір департаменті директорының орынбасары Төлеген Шаяхметов.

Сонымен қатар жерасты байланыс жүйесі де дамып келеді. Шахталарда Wi-Fi және радиобайланыс іске қосылды. Ауысым кезінде жұмысшылардың орналасқан жерін диспетчерлер нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Ал деректерді өңдеу және ықтимал тәуекелдерді анықтау барысында жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

Ленталы конвейерлердің өртке қарсы қорғаныс жүйесі жетілдіріліп, қызметкерлерді ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізуге арналған заманауи медициналық пункттер жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ көмірді құрғақ байыту және «Восточная» байыту фабрикасын жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.

Кеңес Одағы кезеңінен бері алғаш рет жаңа желдету инфрақұрылымын салу жұмыстары басталды. Бүгінде көмір департаментіне қарасты үш шахтада жаңа оқпандар салу бойынша ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Тентек» шахтасында орталықтан алшақ орналасқан жаңа желдету оқпандары салынуда. Ал Т. Күзембаев атындағы шахтада жаңа клетті ауа беретін оқпан пайдалануға берілді. Ол шахтаның перспективалы учаскелерін игеруге мүмкіндік береді. Бұл учаскелердегі расталған көмір қоры 22 млн тоннадан асады.

«90-жылдардан бері Қарағанды көмір бассейнінде оқпан құрылысы жүргізілген жоқ. Жаңа инвестордың келуімен мұндай мүмкіндік пайда болды. Осы оқпанның іске қосылуы арқылы біз тереңірек горизонттардағы жаңа қорларды игере аламыз. Яғни есептеулерге сәйкес қажетті ауа көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды нысан пайда болды», – деді Т. Күзембаев атындағы шахтаның бас инженері Александр Переберин.

Жаңа оқпан шахтаға таза ауа беріп, пайдаланылған ауаны сыртқа шығаруды қамтамасыз етеді. Бұл тау-кен қазбалары жүйесінде тұрақты ауа ағынын қалыптастыруға, температураны төмендетуге және қауіпті газдардың жиналуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Өзгерістердің ауқымы үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айқын байқалады. 2023 жылы Qarmet көмір департаментіне қарасты сегіз шахтаның үшеуі ғана жұмыс істеген. Бүгінде жаңғырту жұмыстары барлық кәсіпорында жүргізілуде: жаңа учаскелер іске қосылып, техника мен инфрақұрылым жаңартылып, қауіпсіздік жүйелері дамытылып жатыр. Шахта жұмысшыларының өздері де болып жатқан өзгерістерді атап өтуде.

«Үш жыл бұрын көптеген адам бұл жерден кетіп қалды, болашақты көрмеді. Қазір жағдай жақсы. Тіпті жұмыстан шығып кеткен адамдардың өзі қайта оралып жатыр. Жаңа техника пайда болды, қауіпсіздікке үлкен көңіл бөлінуде», – деді Т. Күзембаев атындағы шахтаның жұмысшысы.

Qarmet 2028 жылға қарай жылына 9 млн тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр. Жаңа өндірістік нысандарды іске қосу, техниканы жаңарту, цифрлық бақылау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелерін дамыту компанияға қажетті өндірістік көрсеткіштерге жүйелі, тиімді және ең бастысы қауіпсіз түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Шахталарды жаңғырту Qarmet компаниясын трансформациялаудың жалпы бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Компания өндірістік қуаттарды ауқымды жаңартуға шамамен 3,5 млрд доллар бағыттап отыр. Бұл инвестициялар көмір, металлургия және темір кені бағыттарын қамтиды.