Qarmet Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатты ауқымды газ тарту жұмыстарын жалғастырып отыр. Компания бағдарламаның келесі кезеңін – кәсіпорынның басқа да технологиялық өндірістеріне табиғи газды қолдану аясын кеңейтуді жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
2025 жылы Qarmet газдандыру бағдарламасының алғашқы ірі кезеңін іске асырды. Домна өндірісі мен №1 қаңылтыр илемдеу цехының әдістемелік пештері табиғи газға көшірілді. Бұл табиғи газды кәсіпорынның отын балансындағы негізгі ресурстардың біріне айналдыруға және құны жоғары әрі экологиялық тұрғыдан тиімділігі төмен отын түрлерін пайдаланудан бас тартуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, домна пештерін табиғи газға көшіру өндірістік үдерісте бұрын қолданылған мазуттың едәуір көлемінен бас тартуға жол ашты.

Екінші кезең аясында биыл комбинатқа сағатына 10 мың текше метрден астам табиғи газ жеткізу жоспарланып отыр. Газ кәсіпорынның өндірістік бөлімшелерін одан әрі газдандыруға бағытталады. Қазіргі жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – шойын конвертерлік үдеріс барысында болатқа айналатын оттекті-конвертерлік цех. Мұнда кокстық газ бен пропан-бутан қоспасын табиғи газбен алмастыру көзделген.
Тағы бір маңызды бағыт – №2 әк күйдіру цехы. Жоба аясында шахталық және айналмалы пештерді кокстық газ бен мазуттан табиғи газға көшіру жоспарлануда. Жобаның ең қарқынды жүріп жатқан учаскелерінде жекелеген құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі қазірдің өзінде 90%-ға жетті.

«Нысанның ішкі бөлігіндегі жұмыстардың дайындық деңгейі бұдан да жоғары. Негізгі тіректер, құбыр желілері мен запорлық арматура монтаждалды. Бөренелер, консольдік конструкциялар, Г-тәрізді жарты рамалар мен газ құбыры жүйесінің жекелеген элементтері толық орнатылды. Сонымен қатар ККЦ және ЦОИ-2 нысандарында да жұмыстар жалғасуда. Құрылыс кезеңі аяқталған сайын мамандар металл конструкцияларын, құбыр желілерін, арматура мен технологиялық жабдықтарды монтаждауға кіріседі», – дейді жоба инженерлері.
Газ – Qarmet-тің ауқымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі
Газ тарту аясын кеңейту – бір отын түрін екіншісімен жай ғана алмастыру емес. Бұл жоба металлургиялық комбинатты кешенді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі және өндірістің экономикалық, технологиялық және экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған.

Табиғи газды пайдалану технологиялық үдерістердің мазутқа, кокстық газға және пропан-бутан қоспасына тәуелділігін кезең-кезеңімен азайтуға, шығындарды оңтайландыруға және кәсіпорынның отын-энергетикалық балансын икемді басқаруға мүмкіндік береді. Оның экологиялық әсері де маңызды. Табиғи газды пайдалануды кеңейту дәстүрлі отын түрлерін жағудан болатын шығарындыларды азайтуға ықпал етіп, металлургиялық өндірістің қоршаған ортаға әсерін төмендетудің маңызды құралдарының біріне айналады.
Бұдан бөлек, тармақталған газ инфрақұрылымын құру өндірістік агрегаттарды одан әрі жаңғыртуға негіз қалыптастырады. Qarmet-тің жаңа және жаңғыртылатын өндірістік қуаттары энергия тиімділігіне, өндіріс экономикасына және технологиялық үдерістердің экологиялық талаптарына қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып жобалануда.

Осылайша, Qarmet кәсіпорынның бірыңғай заманауи энергетикалық инфрақұрылымын қалыптастырмақ. Газдандыру жаңа өндірістік кешендердің құрылысымен және қолданыстағы қуаттарды терең жаңғыртумен қатар, комбинатты ауқымды трансформациялаудың негізгі бағыттарының біріне айналады.