Алматыда балық аулап отырған ер адам қармағына іліккен ауыр затты судан шығарып, күтпеген жағдайға тап болды. Оның қармағына балықтың орнына оқ-дәрі салынған сөмке ілінген, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға Түрксіб ауданындағы «Маяк» қалалық көлінде болған. Балықшы қармағын суға тастаған кезде ілмектің әлдебір ауыр затқа ілінгенін сезген. Жібін тартып, затты судан шығарғанда, оның сөмке екенін байқаған. Сөмкені ашып қараған кезде ішінен оқ-дәрілер табылған.
Куәгер бұл туралы дереу полицияға хабарлаған. Сағат 17:30 шамасында «102» пультіне түскен қоңыраудан кейін оқиға орнына Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы барған.
Полиция қызметкерлері табылған оқ-дәрілерді тәркіледі. Қазір олардың түрі мен шығу тегін анықтау үшін баллистикалық сараптама тағайындалды. Мамандар оқ-дәрілердің қайдан шыққанын және кімге тиесілі болғанын анықтауы тиіс.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.