Freedom Inside '26

Қарағандыда «Takorp» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы сотталды

Қарағандыда «Takorp» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы сотталды
ашық дереккөз

Қарағанды облысында әрекет еткен «Takorp» қаржы пирамидасының қызметі әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.

Облыс прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті биыл қаржы пирамидаларын құру және оларға басшылық ету фактілері бойынша үш қылмыстық іс тіркеген.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, заңсыз схемаға 400-ден астам салымшы тартылған. Ал 2025 жылы қаржы пирамидаларына қатысты төрт сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, олардың салдарынан 50-ден астам азамат зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі 67 миллион теңгеден асқан.

Тергеу деректеріне сәйкес, «Takorp» ұйымдастырушылары азаматтарды салған қаражаттың 100 пайызға дейінгі мөлшерінде жылдам табыс табуға болады деген уәдемен тартқан. Төленетін сыйақы көлемі жаңа қатысушыларды жүйеге қосу және олардың белсенділігіне байланысты болған.

Тергеу барысында күдіктілердің иелігіндегі 32 мың АҚШ долларынан астам сомаға тең криптовалютаға тыйым салынды.

Сот үкімімен азамат «М» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігінің 1) және 4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қарағанды облысының прокуратурасы азаматтарды қаржы пирамидаларының арбауына түспеуге шақырып, кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сақтықпен қарауға кеңес берді. Сондай-ақ қаражат салмас бұрын ұйымдардың қызметінің заңдылығын мұқият тексеру қажеттігін ескертті.