Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтерді арзан бағамен алып беремін деп тұрғындарды алдаған деген күдікпен 44 жастағы әйел ұсталды. Қазіргі уақытта оның әрекетінен кемінде 11 адам зардап шеккені белгілі, деп хабарлайды ult.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 9 шілде күні полицияға 29 жастағы қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, күдікті биыл маусым айында сеніміне кіріп, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінен тиімді бағамен пәтер алып беруге уәде еткен. Осы мақсатта жәбірленушіден 6 миллион теңге алғанымен, баспананы да рәсімдемеген, ақшаны да қайтармаған.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 44 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.
Тергеу барысында әйелге қатысты тағы 10 азаматтан осындай мазмұндағы арыз түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, ол 2023 жылдан бері тұрғын үй алып беремін деген желеумен адамдардың сеніміне кіріп, ақша алып отырған.
Қазіргі таңда анықталған жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 70 миллион теңгені құрайды.
Аталған дерек бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп, қосымша жәбірленушілерді анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Осыған байланысты Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтарды жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жасау кезінде сақ болуға, қаржыны тек заңды түрде рәсімделген келісімшарттар негізінде ғана аударуға шақырды.