Қарағандыда 63 жастағы әйелдің алтын алқасын жұлып алған ер адам ұсталды

Қарағандыда 63 жастағы әйелдің алтын алқасын жұлып алған ер адам ұсталды
Ашық дереккөз

Қарағандыда көшеде қарт әйелдің алтын алқасын ашықтан-ашық тартып алған күдікті жедел ұсталды. Ол ұрланған әшекейді полиция қолға түсіргенге дейін ломбардқа өткізіп үлгерген, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға қала көшелерінің бірінде болған. 39 жастағы жергілікті тұрғын мойнында алтын алқасы бар 63 жастағы әйелді байқап, оған жақындаған. Кейін жәбірленушінің әшекейін жұлып алып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жәбірленуші бірден полицияға хабар берген. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны қолға түсірді.

Жауап алу кезінде ер адам кінәсін мойындаған. Ол мұндай қадамға қаржылық қиындыққа байланысты барғанын айтқан. Ұрланған алтын алқаны ломбардқа өткізіп жібергені де белгілі болды.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.