Қарағандыда 300 млн теңге несие жымқырылды деген күдікпен іс қозғалды

Қарағандыда 300 млн теңге несие жымқырылды деген күдікпен іс қозғалды
ашық дереккөз

Қарағанды облысында «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген 300 млн теңге несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы «Рашан» ЖШС-не айналым қаражатын толықтыру үшін 300 млн теңге қарыз берген. Қарыздың орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік берген.

Қаражаттың шамамен 148 млн теңгесі тұқым сатып алуға, ал 152 млн теңгесі ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, жанар-жағармай мен жұмысшылардың еңбекақысына жұмсалады деп көрсетілген. Алайда тергеу барысында тұқым сатып алынбағаны, техника жалға алынбағаны және көрсетілген жер телімдеріне егін егілмегені анықталған.

Іс бойынша «Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынды.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жарияланбайтынын хабарлады.