Теміртау қаласының маңында полицейлер үй жағдайында ұйымдастырылған есірткі плантациясын анықтап, 125 түп қарасора тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, заңсыз жылыжай Қарағанды облысында өткізіліп жатқан «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әшкереленді. Жедел іс-шара барысында Теміртауға жақын орналасқан елді мекендердің біріндегі көкөніс өсіруге арналған жылыжайдың есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге бейімделгені анықталған.
Теміртау қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері мен Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері жүргізген бірлескен операция барысында 19 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
– Жеке тұрғын үйдің аумағын тексеру кезінде үй іргесіндегі жер телімінен және арнайы жабдықталған жылыжайдан қарасора тектес 125 түп есірткі құрамды өсімдік табылды. Сондай-ақ тінту барысында шаруашылық құрылыстарының бірінен кептірілген өсімдік тектес есірткі заттары мен тіркелмеген аңшылық мылтық тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қарасораны арнайы жасалған жағдайларда өзі өсірген, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігі («Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полиция есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасатынын мәлімдеді. «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы ерекше бақылауда, ал есірткі қылмыстарымен күрес ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.