Qamalladin University мен Ұлттық орталық микро-біліктіліктерді дамыту бойынша меморандумға қол қойды

Qamalladin University мен Ұлттық орталық микро-біліктіліктерді дамыту бойынша меморандумға қол қойды
instagram.com/qamalladin.university

Qamalladin University мен Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы микро-біліктілікті дамыту және практикалық бағыттағы білім беру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.

Меморандум аясында Ұлттық орталық Qamalladin University-ге оның бағдарламаларын Қазақстанның ұлттық біліктілік жүйесі мен кәсіби стандарттарына сәйкестендіру мәселелері бойынша консультациялық қолдау көрсетпек.

Сонымен қатар тараптар микро-біліктіліктер тақырыбында дөңгелек үстелдер мен жұмыс топтарын бірлесіп өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ практикалық бағдарламаны жоғары білім беру бағдарламасына кіріктіру мүмкіндіктері қарастырылады.

Микро-біліктілік — қысқа мерзімді оқу нәтижесінде алынатын және белгілі бір еңбек функциясын орындауға жеткілікті білім, дағды мен құзыреттер жиынтығы. Қазақстанның жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында білім алушыларға барлық деңгейде микро-біліктіліктер алу мүмкіндігін дамыту көзделген.

Бұл бағыт бойынша 2026 жылы да жұмыс жалғасып жатыр. Мамыр айында микро-біліктілік ұғымын заңнамалық тұрғыдан бекіту жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына білім беру және кәсіби біліктілік саласындағы мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, Ұлттық жоғары білімді дамыту орталығы, колледждер мен жоғары оқу орындарының басшылары кірді.

Qamalladin University өз кезегінде меморандумның жоғары білім беру ұйымы мәртебесін бермейтінін атап өтті. Құжат қаржылық немесе мүліктік міндеттемелер туындатпайды. Сондай-ақ меморандумның өзінде Qamalladin University-дің жоғары білім туралы диплом бермейтіні көрсетілген.

Компанияның ресми сайтында Qamalladin University білім беру бағдарламаларын қысқа мерзімде практикалық дағдыларды меңгеруге бағыттайтынын көрсетеді.

Меморандум тараптардың пікірінше, Қазақстандағы формалды емес білім беруді тану және оны жоғары білім беру жүйесімен байланыстыру бағытындағы жұмыстың бастамасы болмақ.