Қайрат Нұртастың концертіне келушілер 18 жастағы қызды таптап кеткен

Қайрат Нұртастың концертіне келушілер 18 жастағы қызды таптап кеткен
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінен кейін ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген 18 жастағы қыздың туысы көпшіліктен көмек сұрап, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Туысының айтуынша, концерт кезінде жиналған жұрттың арасында қысылыс болып, бойжеткен құлап қалған. Салдарынан ол қалың топтың аяғының астында қалып, ауыр жарақат алған.

“Адамды құлатып, өлім аузына жеткенше таптайтындай қалай сонша қатыгез болуға болады? Менің бауырымды не үшін ұрып, таптадыңыздар? Ол алты сағаттан бері жансақтау бөлімінде, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Қазір бізге өте ауыр. Өтінемін, аман қалсын деп дұға етіңіздерші”, – деп жазды қыздың туысы.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.

Басқарманың хабарлауынша, бойжеткенге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін жедел жәрдем қызметкерлері оны ауруханаға жеткізген. Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің үздіксіз бақылауында болып, қажетті ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Гүлзира Айдарбекова Қайрат Нұртас туралы сынға нүкте қойды. 

Қайрат Нұртас кім?

Қайрат Нұртас – қазақстандық танымал эстрада әншісі, актер және продюсер. Ол 1989 жылы 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. Өнер жолын жас кезінен бастап, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар орындаушылардың біріне айналды.

Әншінің шығармашылығында махаббат, сағыныш, отбасы және адам сезімі тақырыптары кеңінен қамтылған. Оның “Арман”, “Ауырмайды жүрек”, “Шыда жүрек”, “Алматы түні” секілді әндері тыңдарман арасында танымал.

Қайрат Нұртас әншілікпен қатар кино саласында да еңбек етіп, бірнеше көркем фильмге түскен. Ол “Өкініш”, “Арман” және “Сүйе білсең” фильмдері арқылы актер ретінде де танылды.

Оның шығармашылық жолында анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекованың еңбегі зор. 2008 жылы екеуі Kairat Nurtas Production продюсерлік орталығын құрды. Әнші 2015 жылы МУЗ-ТВ сыйлығында “Қазақстанның үздік әртісі” атанса, 2016 жылы “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.

Қайрат Нұртас Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде білім алған. Кейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған. Бүгінде ол қазақ эстрадасында ұзақ жылдар бойы өнер көрсетіп келе жатқан танымал әншілердің бірі.

Дереккөздер: Sputnik Қазақстан⁠ және Қазақ радиосы⁠.