Психиатриялық ауруханаға қатысты күмән: министрлік тексеруге кірісті

Психиатриялық ауруханаға қатысты күмән: министрлік тексеруге кірісті
mos.ru

Пациенттердің жағдайына қатысты шағымдардың көбеюіне байланысты Қазақстандағы жалғыз республикалық психиатриялық аурухана тексеріледі. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда жауапты мамандар жауапқа тартылуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мекемедегі пациенттердің ем алу жағдайына қатысты шағымдар көбейген. Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аурухана қызметіне кешенді тексеру жүргізуді бастайды.

Тексеру барысында мамандар медициналық құжаттарды, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің тұрмыс жағдайын, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың әрекеті мен азаматтардың құқықтарының сақталуын бағалайды.

Министрлік өкілдері тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталса, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

Аталған мекеме Қазақстандағы осы бағыттағы жалғыз мамандандырылған медициналық ұйым саналады. Мұнда сот шешімі негізінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалған адамдар ем қабылдайды.

Аурухана қарапайым стационар емес: мұнда бір мезгілде ауыр психикалық бұзылыстары бар азаматтарға арнайы медициналық көмек көрсетіліп, сот шешімдерінің орындалуы қамтамасыз етіледі.

Мекеме мәліметінше, пациенттердің 80 пайыздан астамы жеке тұлғаға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдар. Сондықтан ауруханада ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады.