Президент депутаттардың “Штрафстан” сөзіне қатаң ескерту жасады

Президент депутаттардың “Штрафстан” сөзіне қатаң ескерту жасады
diapazon

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытуға арналған жиында ел ішінде айтылып жүрген “Штрафстан” атауына қатысты пікір білдіріп, мұндай сөздерді қолданатын кейбір депутаттарды сынға алды, деп хабарлайды ult.kz.

Ақорданың жазуынша, Мемлекет басшысы өз сөзінде “Таза Қазақстан” тұжырымдамасының маңызын атап өтіп, елді көгалдандыру, қалалар мен ауылдарды көркейту, экологиялық мәдениетті арттыру – мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін айтты.

– Қалалар мен ауылдарды көркейтуге, табиғатты қорғауға ерекше мән беру қажет. Туристік орындардағы тәртіп пен жауапкершілік те назардан тыс қалмауы керек. Вандализммен күрес заң аясында жүргізілуі тиіс. Құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз қажет, – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, заңға құрмет көрсету – тек жазадан қорқу емес, ол азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Президент қазіргі күрделі геосаяси жағдайда елге ең алдымен тұрақтылық пен бірлік қажет екенін де ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл болмаса, ешқандай реформа нәтижелі болмайды.

– Кейбір азаматтар, соның ішінде Парламент өкілдері де бар, елді “Штрафстан”, “Айыппұлстан” деп атап жүр. Бұл – дұрыс көзқарас емес. Біз құқықтық тәртіпті нығайту жолынан таймаймыз. “Заң мен тәртіп” қағидасы – қоғамның сұранысы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл бағыттағы саясаттың жалғасатынын және қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіп мемлекет үшін басымдық болып қала беретінін айтты.