Freedom Inside '26

Президент әскерді цифрлық трансформациялау және қорғаныс қабілетін күшейту жөнінде тапсырма берді

Президент әскерді цифрлық трансформациялау және қорғаныс қабілетін күшейту жөнінде тапсырма берді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, Қарулы күштердің биылғы жұмысының қорытындылары мен алдағы міндеттерін талқылады, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу барысында министр Президентке әскердің жауынгерлік даярлығы, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары және әскери қызметтің беделін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Дәурен Қосановтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ әскерлердің жауынгерлік әлеуетін арттыруға бағытталған «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына дайындық барысы таныстырылды.

Министр Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, қазақстандық бітімгерлердің қызметіне халықаралық қауымдастық жоғары баға берген.

Кездесуде әскерге шақыру науқанының өту барысы мен әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру бойынша қабылданып жатқан шаралар да сөз болды.

Сонымен қатар тараптар 21-27 маусым аралығында Бурабайда өтетін «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіру, армияны цифрлық тұрғыдан жаңғырту және елдің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.