Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен полиэтиленге оралған ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, марқұмның жеке басы анықталған. Алдын ала дерекке сәйкес, ол тұрғын үйлер мен пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысқан. Қайғылы оқиға болған күні ол аталған үйде болған.
Оқиғаға байланысты үй иесі ұсталды.
Полицейлердің хабарлауынша, күдіктінің түсініктемесіне сәйкес, ер адам әзірге мән-жайы анықталмаған жағдайда өлімге әкелген жарақат алған. Алайда ол жедел қызметтерге хабарлап, көмек сұраудың орнына мәйітті жертөлеге жасырып қойған деген болжам бар.
Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау үшін кешенді сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.