«Полициямыз» деп қорқытып, 3 млн теңге талап еткен: Алматыда төрт адам ұсталды

«Полициямыз» деп қорқытып, 3 млн теңге талап еткен: Алматыда төрт адам ұсталды
ашық дереккөз

Алматыда өздерін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғынды қарумен қорқытып, одан ақша талап еткен төрт адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

ІІМ мәліметінше, оқиға 10 тамызда болған. Бір топ адам алдын ала сөз байласып, жәбірленушіні аңдыған. Кейін олар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, тапаншамен қорқытып, оны көлікке күштеп отырғызған. Содан соң қала сыртына алып кеткен.

Қаскөйлер жәбірленушіге қысым көрсетіп, туысына қоңырау шалуға мәжбүрлеген. Нәтижесінде оның туысы күдіктілер көрсеткен есепшотқа 3 млн теңге аударған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері төрт адамды ұстады. Олардың барлығы бұрын сотталған. Күдіктілердің біреуі адам өлтіргені үшін жазасын өтеген.

Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тінту кезінде екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрілер тәркіленді.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.