Петропавл тұрғыны жол-көлік оқиғасы туралы шындыққа жанаспайтын ақпаратты TikTok-та жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, биыл тамыз айында М. есімді тұрғын әлеуметтік желідегі парақшасында жол апаты туралы ақпарат таратқан. Оның жазбасында жүргізуші велосипедшіні қағып кеткені, жәбірленушінің ауыр жарақат алғаны және жедел жәрдем көлігінде жатқаны айтылған.
Алайда сотта бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Велосипедшіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетілгенімен, оны ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Керісінше, оның өзіне жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған.
Жалған ақпараттың таралғаны әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, оқиғаға қатысушының түсініктемелерімен және бейнежазбамен дәлелденді.
Сот отырысында М. өз кінәсін мойындап, ұсынылған дәлелдерге қарсылық білдірмеген.
Сот қаулысымен ол кінәлі деп танылып, 20 АЕК – 86 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.