Петропавл қаласында №42 орта мектептің бас бухгалтері Елена Садовская мен информатика пәнінің мұғалімі Амангелді Ермекбаев бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ult.kz. HALYQSTAN Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, олар бес жыл ішінде мектеп қаржысынан шамамен 90 миллион теңге шығарып отырған.
Сот материалдарына сәйкес, бас бухгалтер мектеп директорларының электронды цифрлық қолтаңбаларын пайдаланған. Ол жалақы, демалыс ақысы мен сыйақы төлеуге қатысты құжаттарға қол қойып, төлем көлемін өз пайдасына бірнеше есе көбейтіп отырған.
Күдік тудырмас үшін ақшаның бір бөлігі басқа мұғалімдердің атына рәсімделген. Кейін бухгалтер әріптестерінен «картам бұғатталған» деп көмек сұрап, олардың банк карталарына түскен ақшаны қолма-қол шешіп беруді немесе басқа шоттарға аударуды өтінген.
Мұғалімдер оған сеніп, карталарын пайдалануға берген. Олардың есепшоттарына жалақы немесе аванс ретінде ірі көлемдегі қаражат түсіп отырған.
Тергеу нұсқасы бойынша, кейін бұл схемаға информатика пәнінің мұғалімі де тартылған. Оның шоттары арқылы да ірі көлемдегі ақша өткен. Ол да әріптестерінен өз шоттарына ақша қабылдап беруді сұраған.
Іс материалдарында жалпы 14 мектеп қызметкерінің аты аталады.
Айыптау тарабының мәліметінше, жымқырылған 90 миллион теңгенің шамамен 50 миллионын бас бухгалтер алған. Ал 25 миллион теңгеден астам қаражат информатика мұғалімінің есепшоттары арқылы өткен.
Заңсыз төлемдер тек 2024 жылы жүргізілген аудиттен кейін анықталған. Тексеру барысында кейбір қызметкерлер мемлекетке шамамен 10 миллион теңгені өз еркімен қайтарған.
Мектеп директорлары бухгалтердің әрекеттерінен хабарсыз болғандарын айтқан. Осы уақыт ішінде мектепте үш директор ауысқан.
Нәтижесінде сот бас бухгалтерге кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты үкімді бір жылға кейінге шегере отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал информатика мұғалімі 7 жылға сотталды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.