Петропавлда ер адам 3 млн теңгесін алаяқтарға бере жаздады

Петропавлда ер адам 3 млн теңгесін алаяқтарға бере жаздады
naryk.kz

Петропавлда полицейдің дер кезінде араласуының арқасында 49 жастағы тұрғын 3 миллион теңгесін алаяқтарға аударудан аман қалды. Слесарь болып жұмыс істейтін азамат қаскөйлердің сөзіне сеніп, ақшасын «қауіпсіз шотқа» жібермек болған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға қаладағы сауда үйлерінің бірінде болған. Полиция аға лейтенанты Еркебұлан Құрбаниязов банкомат жанында телефонмен ұзақ сөйлесіп, қобалжып тұрған ер адамды байқайды. Оның қолындағы пакеттің ішінен ақша бумалары көрініп тұрған.

Полицей азаматқа алаяқтардың арбауына түсуі мүмкін екенін ескерткен. Алайда телефондағы қаскөйлер оған полиция қызметкерлеріне де сенбеуді айтып, күдігін күшейткен. Соған қарамастан, полицейдің табандылығының арқасында ер адам ақшасын аударудан бас тартқан.

Алдымен ер адамға автоматты дауыс хабарласып, электронды цифрлық қолтаңбасының мерзімін ұзарту үшін «1» санын басуды ұсынған. Кейін өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, мәселені шешу үшін кредит алып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Осылайша, азамат 3 миллион теңгесінен айырылып қала жаздады. Полиция тұрғындарды бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға және «қауіпсіз шот» туралы ұсыныстарға сенбеуге шақырады.