Павлодарда көпқабатты үйден құлаған мұз кесегінен басынан ауыр жарақат алған 25 жастағы әйелге қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, бұл қасақана жасалған әрекет емес. Оқиғаға 12 жастағы қыз бала абайсызда себеп болған.
Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірім балконда тұрған кезде мұзды сындыруға әрекет жасаған. Сол сәтте мұз кесегі қолынан сырғып кетіп, төменде өтіп бара жатқан әйелдің үстіне құлаған.
«Кәмелетке толмаған қыздың айтуынша, ол балконда тұрған мұзды сындырмақ болған. Алайда мұз кесегі байқаусызда қолынан түсіп кетіп, төмендегі әйелге тиген», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Оқиғадан кейін қыз қорқып, болған жағдайды ата-анасына да, басқа ересектерге де айтпаған.
Полиция баланың заңды өкілдерін ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталды.