Павлодарда терезеден шығып ән айтқан жолаушы мен жүргізуші жауапқа тартылды

Павлодарда терезеден шығып ән айтқан жолаушы мен жүргізуші жауапқа тартылды
Polisia.kz

Павлодар қаласында әлеуметтік желілерге жарияланған бейнежазбадан кейін жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізуші мен жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, мониторинг барысында қозғалыс кезінде Geely автокөлігінің жолаушысы алдыңғы есіктің терезесінен сыртқа шығып, ән айтып тұрғаны түсірілген видео анықталған.

Құқық қорғау органдары мұндай әрекет жолаушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Тексеру нәтижесінде жүргізуші мен жолаушының жеке басы анықталды.

– Жүргізушіге жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар Жол қозғалысы қағидаларын бұзған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Медхат Жылқыбаев.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзге азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерден бас тартуға шақырды.