Павлодарда полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі сақтады және таратпақ болды деген күдікпен Ақтау қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері күдіктіден психотроптық заттар тәркіледі.
Жеке тінту кезінде ер адамның жанынан синтетикалық есірткі салынған 40 орама, электронды таразы және қаптама материалдары табылған. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың синтетикалық тектегі психотроптық зат екенін растады. Олардың жалпы салмағы 50 грамнан асқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті Павлодарға осы жылдың мамыр айының басында келген. Қазір оның психотроптық заттарды заңсыз өткізуге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Аталған дерек бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.