Павлодарда пойыз басып кеткен 22 жастағы жігіт ауруханада көз жұмды

Павлодарда пойыз басып кеткен 22 жастағы жігіт ауруханада көз жұмды
ашық дереккөз

Павлодарда 30 қыркүйекте теміржол вокзалында пойыз басып кеткен 22 жастағы жігіт 8 қазанда ауруханада қайтыс болды. Ол ауыр жарақат алып, бірнеше рет ота жасатқан, деп хабарлайды ult.kz.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2004 жылы туған жігіт Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген.

Жігіт жансақтау бөлімінде жатып, бірнеше рет отадан өткен, сол аяғына ампутация жасалған. Алайда дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, ол алған жарақаттарынан көз жұмған.

Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісіндегі жазбадан кейін көпшілікке белгілі болды. Желі қолданушыларының бірі теміржол вокзалы аумағында пойыз адамды басып, екі аяғын кесіп кеткенін жазып, бұл оқиға туралы неге бұған дейін ақпарат аз тарағанын сұраған.

Көліктегі полиция департаменті оқиғаның болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімшесі қылмыстық іс қозғаған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, өзге мәліметтерді жарияламады.