Павлодарда жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзып, қауіпті дрифт жасаған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарға жүргізілген мониторинг барысында анықталған. BMW F10 көлігінің жүргізушісі Машһүр Жүсіп пен Ломов көшелерінің қиылысында қауіпті маневрлер жасап, жол қозғалысы қағидаларын бұзған.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Толстой көшелерінің қиылысында ол жолдағы басқа жүргізушілерге қауіп төндіріп, апаттық жағдай туғызған. Соның салдарынан өзге көлік жүргізушілері жол-көлік оқиғасын болдырмау үшін жылдамдығы мен қозғалыс бағытын күрт өзгертуге мәжбүр болған.
Тексеру барысында жүргізушінің жеке басы анықталып, оған жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жаза қолданылды.
Павлодар облысының полиция департаменті жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар дрифт жасауға немесе қауіпті маневрлер көрсетуге арналмағанын еске салды. Тәртіп сақшылары агрессивті көлік жүргізу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтып, жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.