Павлодарда блогердің сөмкесіндегі пауэрбанк жарылып, салдарынан ол күйік алды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Telegram-дағы "Криминальный Казахстан" арнасының мәліметінше, Диляра есімді блогер оқыс жағдайдың жаттығудан шығып бара жатқан сәтте болғанын айтқан. Оның сөзінше, әуелі сөмкесінен қою түтін шыққанымен, ол мұны бірден байқамаған. Сөмкені иығынан ала берген кезде ішіндегі пауэрбанк жарылып кеткен.
Жарылыстан кейін тұтанған жалын қызды шарпып, оның басы мен қолын күйік шалған. Алғашқы көмекті фитнес-клуб қызметкерлері көрсеткен. Алайда өртті ғимараттан сыртқа шыққаннан кейін ғана толық сөндіру мүмкін болған.
Дәрігерлер алған жарақатты ауыр күйік ретінде бағалап отыр.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, зардап шеккен бойжеткен ауруханаға жатудан бас тартқан.