Павлодарда әйел жаңа туған қызын 100 мың теңгеге сатпақ болған

Павлодарда әйел жаңа туған қызын 100 мың теңгеге сатпақ болған
pixabay.com

Павлодарда әйел жаңа туған қызын сатқаны үшін сотталды. Ол баласын 800 мың теңгеге сатуға келіскенімен, кейін «сатып алушыдан» 100 мың теңге алған, деп хабарлады прокуратура, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, 2002 жылы туған Түркістан облысының тумасы материалдық қиындықтарға байланысты болашақ баласын сатуды шешкен. Жүкті әйел «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне хабарландыру жариялап, қыз баланы 800 мың теңгеге сатуға келісім жасаған.

28 наурызда әйел Павлодар облыстық перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген. Сол кезде құқық қорғау органдары жедел іс-шаралар жүргізіп жатқан.

31 наурызда әйел жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге «сатып алушыға» беріп, 100 мың теңге алған. Ақшаны құқық қорғау органдары алдын ала дайындаған. Осыдан кейін әйел ұсталды.

Сот әйелді кәмелетке толмағандарды саудалағаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда жазаны орындау бес жылға кейінге қалдырылды.