Павлодар қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуларға жүргізген талдау барысында Орталық скверді жөндеу жобасында заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында сметалық құжаттамаға 25 мың шаршы метрден астам тротуар плиталарын төсеу жұмыстары мен дәл осындай көлемдегі бетон плиталарын сатып алу енгізілгені белгілі болды. Оның құны 368 млн теңгеден асқан.
Алайда сквердің жалпы аумағы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайды. Оның едәуір бөлігін көгалдар, ағаштар және плитка төселмейтін ашық жерлер алып жатыр. Жүргізілген өлшеулер нәтижесінде нақты қажеттілік 9 мың шаршы метрден аспайтыны анықталған.
Осылайша, жобада көрсетілген жұмыс көлемі мен құрылыс материалдары нақты қажеттіліктен бірнеше есе артық болып, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.