Семейде азаматтарды пәтер алып беру, мүгедектік рәсімдеу және мемлекеттік бағдарламаға кезекке қою сылтауымен алдаған 45 жастағы ер адам 4 жылға сотталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, ер адам 2020–2022 жылдары бірнеше азаматтың сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен ақша алған.
Жәбірленушілердің біріне мемлекеттік бағдарлама арқылы арзан пәтер алып беруге уәде етіп, кейін автокөлік, құрылыс материалдары және басқа да мәселелерді шешуге ақша алған. Оның жалпы шығыны 9,82 миллион теңгені құраған.
Екінші жәбірленушіден төмен бағамен жылжымайтын мүлік алып беру, мүгедектік рәсімдеу және тұрғын үй кезегіне қою уәделерімен 5,28 миллион теңге алған.
Сотта оның кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, банк аударымдары және шот көшірмелері арқылы дәлелденді.
Сот ер адамды 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Полиция азаматтарды «ақшаға мәселе шешіп беремін» деп уәде ететін адамдарға сенбеуге және бейтаныс адамдарға қаражат бермеуге шақырды.