Астанада тұрғын үйді нарықтық бағадан арзан алып беруге уәде етіп, азаматтардың ақшасын иемденді деген күдікпен 51 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті тұрғындардың сеніміне кіріп, баспананы төмен бағамен алып беретінін немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы кезексіз рәсімдеуге көмектесетінін айтып, олардан ақша алған.
Алаяқтықтың бір эпизодында ол жәбірленушіден пәтер алып беремін деген сылтаумен 1 миллион теңгені заңсыз иемденген.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу барысында оның дәл осындай тәсілмен жасалған тағы 30 алаяқтық фактісіне қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Қазір барлық эпизод бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырды. Құқық қорғау органдары тұрғын үйді нарық бағасынан әлдеқайда арзанға алып беру, кезексіз рәсімдеу немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана әперуге қатысты күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.
Тұрғын үйге қатысты мәмілелерді тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен ресми ұйымдар арқылы рәсімдеп, бейтаныс адамдарға алдын ала ақша бермеу қажет.