«Пәтер алып беремін» деген уәде: Қарағандыда 11 адамды алдаған күдікпен әйел ұсталды

«Пәтер алып беремін» деген уәде: Қарағандыда 11 адамды алдаған күдікпен әйел ұсталды
Polisia.kz

Қарағандыда тұрғын үйден пәтер алып беремін деп уәде берген әйелге қатысты алаяқтық дерегі анықталды. Қазір оның әрекетінен 11 адамның зардап шеккені белгілі болды, деп хабарлайды ult.kz.

Қарағанды қаласының 29 жастағы тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, 44 жастағы әйел сеніміне кіріп, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінен тиімді бағамен пәтер рәсімдеп беруге уәде еткен.

Жәбірленуші пәтер алу үшін күдіктіге 6 миллион теңге берген. Алайда уәде орындалмай, ақша да қайтарылмаған.

Арыз негізінде полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні анықтап, ұстады.

Тергеу барысында әйелдің осыған ұқсас әрекеттеріне қатысты тағы 10 азаматтың арызы түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті 2023 жылдан бері тұрғын үй алып беру сылтауымен адамдардың сеніміне кіріп, заңсыз әрекетін жалғастырып келген.

Қазіргі уақытта анықталған жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 70 миллион теңгені құрайды.

Аталған факті бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын және қосымша жәбірленушілерді анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Құқық қорғау органдары азаматтарға жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер кезінде мұқият болуды, ақшаны тек заңды келісімдер арқылы беруді және күмәнді делдалдарға сенбеуді ескертеді.