Өз ауылын тонаған: Қарағанды облысында мал ұрлаған топ ұсталды

Өз ауылын тонаған: Қарағанды облысында мал ұрлаған топ ұсталды
Polisia.kz

Қарағанды облысында бірнеше ай бойы ауыл тұрғындарының мазасын алған мал ұрлығына қатысы бар күдіктілер тобы ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, қылмыстың жолын Нұра аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында кесті. Тергеу барысында күдіктілердің ұрлық жасалған ауылдардың бірінде тұратыны анықталған.

Полицейлердің мәліметінше, күдіктілер биылғы наурыз айынан бері жүйелі түрде мал ұрлығымен айналысқан. Осы уақыт аралығында олар кемінде бес қылмыстық эпизодқа қатысып, ауыл тұрғындарының 14 бас ірі қарасы мен 24 қойын ұрлаған.

Тергеу кезінде ұсталғандар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін айтқан.

Жедел шаралардың нәтижесінде ұрланған малдың бір бөлігі табылып, заңды иелеріне қайтарылды. Атап айтқанда, жеті сиыр мен үш қой иелеріне табысталды.

Ал қалған малдың Ақмола облысы мен Астана қаласының аумағында сатылып кеткені белгілі болды. Қазір оларды іздеп, заңды иелеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Сонымен қатар полицейлер күдіктілердің Нұра ауданында және көршілес өңірлерде жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.